ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Объектив арқылы көзқарас» атты атты фотоаппараттар көрмесі ашылды. Ерекше мәдени іс-шараға Орталық қорындағы фотоаппараттар коллекциясы қойылып отыр.
Ашылу салтанатында Президенттік орталық директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова фотоаппаратты ойлап табу ғылым мен техниканың даму барысында адамзаттың ой-санасы жеткен үлкен белес екенін атап өтті.
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мейірбек Тажқұрановтың айтуынша, еліміздегі ең алғашқы фотосурет 1841 жылы жасалыпты. Өз заманындағы көзі ашық, көкірегі ояу жандардың бірі, правитель Жәңгір хан қазақ даласындағы алғашқы мектепті ашып, сол тарихи мезетті түсіру үшін Мәскеуден арнайы фотограф алдыртқан екен.
Қазақстандағы фотосурет ісі алғашқы қазақ фотографы Шәңгерей Бөкеевтің есімімен байланысты. 1901 жылы Санкт-Петербургте өткен Бөкей Ордасының 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шарада император ІІ Николай Шәңгерей Бөкеевке толық жабдықталған фотоаппарат сыйлаған. Шәңгерей Бөкеев елге оралысымен туған ауылының тұрмыс-тіршілігін фотоға түсіре отырып, фотосурет ісін меңгеріп алды. Қазіргі таңда ол түсірген бірнеше сурет ғана сақталған, сол жәдігерлермен де осы көрмеден танысуға болады.
Жалпы, көрмеде Президенттік орталық қорынан, сондай-ақ музейаралық ынтымақтастық аясында Солтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігінің қорынан алынған 53 бірегей жәдігер ұсынылып отыр. Мұндағы әр камераның шығарылған күнімен және қызықты тарихымен танысуға болады. Аппараттардың өлшемі, сериялары, жасалу технологиясы және техникалық сипаттамалары әртүрлі. Алғашқы фотоаппараттар емен тәріздес ағаш түрінен жасалған ауыр әрі үлкен болса, уақыт өткен сайын көлемі кішірейіп, ыңғайлы бола түскенін байқауға болады.
Көрме 31 мамырға дейін жалғасады.