ҚР ПІБ Парламентаризм институтында «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр.
Жаңа құжат экономиканы дамытудағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлін күшейтуге және олардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
- Бүгінгі таңда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар еліміздің барлық өңірлерінде инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Дегенмен, олардың қызметін саралай келе, бірнеше негізгі проблеманы атауға болады. Мәселен, аймақтық даму институтының нақты заңнамалық анықтамасы, олардың мақсаттары, міндеттері, принциптері мен функциялары туралы ортақ түсінік жоқ. Екіншіден, ӘКК қызметін үйлестіретін, қадағалайтын орталық уәкілетті орган бекітілмеген,- дейді ҚР ПІБ Парламентаризм институты Жеке заңнама орталығының басшысы Меруерт Қабылбаева.
Сарапшы атап өткендей, осы және басқа да мәселелерді шешу үшін заң жобасын әзірлеу қажеттігі туындады.
Жаңа құжат бойынша, ӘКК-нің негізгі мақсаты – аймақты дамытуға бағытталуы керек. Олар бизнес үшін тартымсыз, бірақ халық үшін қажетті салаларда әлеуметтік маңызы бар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға атсалысады.
Жаңа құжат Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2021 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысындағы тапсырмасы бойынша қолға алынғанын айта кетейік. Парламентаризм институты заң жобасын Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевпен бірлесіп әзірлеп жатыр.