Президент Іс басқармасында мекемеге қарасты ұйымдардың бас тәлімгерлері мен бірінші санатты тәлімгерлерінің, әдеп жөніндегі уәкілдердің және басқа да қызметкерлердің қатысуымен «Әділетті қоғам – Адал азамат» тақырыбында дәріс өтті.
Алқалы жиынның кіріспесінде сөз алған ҚР ПІБ Бас тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Бөрібай Князбаев:
– Осы дәріс шеңберінде қоғамдағы өзекті мәселелер, халықтың бірлігін арттыру, жалпұлттық құндылықтарды нығайту мәселелері сөз болады. Мемлекет басшысы айтқан Әділетті қоғам қандай болады? Адал азамат дегеніміз кім? Осы сынды маңызды сұрақтарға жауап аламыз деп үміттенемін, – деп атап өтті.
Іс басқармасына қарасты Президенттік орталықтың жетекші ғылыми қызметкері Нәзира Мусина мазмұнды дәріс оқып, әділеттілік принциптері, Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік-мәдени идеалдар сынды ұғымдарға жан-жақты тоқталды. Азаматтық қоғамдағы құндылықтардың қалыптасу процесі туралы баяндады. Биыл 15 наурызда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайда айтылған негізгі мәселелерді сөз етті.
Сондай-ақ тыңдаушылар әділ әрі адал азаматтық қоғам құру үшін Қазақстанның жаңа, өзекті, басқару шешімдерімен және стратегиялық даму бағыттарымен танысты.
Жиын соңында қатысушылар Нәзира Қасымжанқызына дәріс тақырыбы аясында сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды. Тыңдаушыларға өздерінің көкейлеріндегі ойларымен бөлісуге де мүмкіндік берілді.