Осы аптада ҚР ПІБ Медициналық орталығының Павлодар облысындағы күндері өтті. Ай сайын еліміздің әр аймағын қамтитын дәстүрлі іс-шара аясында Медорталық ауруханасы мен Ұлттық госпитальдің пульмонолог, эпилептолог, невропатолог, эндокринолог, аллерголог, кардиолог және басқа да мамандары 13 операция жасап, 140-тан астам консультациялық көмек көрсетті.
Дәрігерлердің көмегіне жүгінген науқастардың көбінің диагнозы ауыр болғанын, операциялар сәтті өткенін атап өткен жөн. Бұдан бөлек, елордалық және алматылық мамандар өзекті тақырыптар бойынша 25 презентация жасап, оған 500-ден астам адам қатысты.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары павлодарлық әріптестеріне өз салаларына қатысты шеберлік сабақтарын өткізді. «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің қызметкерлері шипажайлардың жұмысы туралы баяндап, санаторлық-курорттық емдеу саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Ісссапар аясында Медициналық орталық пен Павлодар облысының әкімдігі арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының өңірлердегі күндері әлемдік стандарттарға сай озық технологияларды аймақтарға трансферттеуге, облыстағы медициналық және басқа да мекемелермен арада байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған.
Биылғы жылдың басынан Қарағанды және Павлодар облыстарына барған Медорталық мамандары жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірін аралап шығуға тиіс.