Жасы басынан бері ҚР ПІБ «Бурабай» ұлттық паркінің аумағындағы көлдердің мұз басқан айдындары мен жағалауынан 26 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Қыс мезгілінде әуесқой балықшылар мен табиғат аясында демалушылар шашқан қалдықтарды «Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері «Мөлдір айдын» акциясының аясында үнемі тазалап тұрады. Қоқыс жиналмай қалса, табиғатқа залал келіп, балықтардың қырылуына да әкеп соқтыруы мүмкін.
Дәстүрлі акция бойынша бүгін де Ұлттық парктің алпыстан астам қызметкері жергілікті азаматтармен бірлесіп, Бурабай, Шучье, Қатаркөл, Кіші Шабақты көлдерінің айдыны мен төңірегінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Акцияға «Бурабай-Даму» серіктестігі де атсалысқанын айта кетейік. Тұрмыс қалдықтары, құрылыс материалдарының бөліктері, темекі тұқылдары сынды 1 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
- «Бурабай» ұлттық паркі аумағындағы көлдердің ихтиофаунасы қыстан жақсы шықты. Қыс бойы Жүкей мен Қатаркөлде 23 рет аэрация жұмысы жүргізіліп, балықтар мен басқа да жәндіктерге оттегі жеткілікті болуына жағдай жасалды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұз еріген кезде көл ластанбауы үшін алдын-ала айдынды тазартып шықтық. Алда жаз маусымы, Халықтан өтінеріміз, демалуға келгенде, балық аулағанда қалдық қалдырмаса екен, - дейді инженер-ихтиолог Нұрман Айтхожин.