Медициналық орталық ауруханасының Диабеттік аяқ орталығының мамандары жыл басынан бері 65 сәтті операция жасады. Орталық өткен жылы ашылғаннан бергі аралықта дертіне дауа іздеген 220 адамды емдегенін атап өткен жөн.
El.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында Орталықтың ангиохирург маманы Тимур Іскендіров дерттің туындауына себеп болатын жағдайлар, оның алғашқы белгілері, алдын алу жолдары туралы жан-жақты баяндап берді.
– Диабеттік аяқ орталығының негізгі жұмысы қантамырлары созылмалы дертке шалдыққан адамдардың аяғын кеспей, аман алып қалуға бағытталған. Біздің орталықта бір науқасқа бірнеше дәрігер – қантамырлар хирургы, эндокринолог, невропатолог, хирург, радиолог, комбустиолог-травматолог сынды мамандардан жасақталған команда көмек көрсетеді, - дейді.
Оның айтуынша, балтыр бұлшықеттерінің тартылуы, табанның қышуы, аяқтың тез шаршауы, сұйық жиналған ұсақ бөртпелердің шығуы сынды белгілер байқалса, бірден дәрігерге қаралған жөн.
Диабет табаны – қант диабетінің асқынған түрі. Уақытылы көмек көрсетілмей, асқынып кетсе, адамның башпайларын, тіпті табанының немесе аяғының бір бөлігін кесуге тура келуі мүмкін.