ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының және ҚР Президенттік орталығының ұйымдас турымен жеке қосалқы шаруашылық және бау-бақша саласындағы құқықтық реттеудің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиынға Парламент депутаттары, ғалымдар, сарапшылар қатысты. Басқосуда айтылғандай, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға бағытталған заң жобасы әзірленген болатын. Бұл құжатта жеке кәсіпкерлік субъектілері арасындағы кооперацияны ынталандыру, субсидиялау, микрокредиттеу және білім беру бастамалары сынды мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Дегенмен, заң жобасы Мәжілістен кері қайтарып алынды.
Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов айтып өткендей, еліміздегі 2,32 миллион жеке қосалқы шаруашылық агроөнімнің 40%-дан астамын өндіреді. Алайда бұл нысандарға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің толық мәртебесі берілмегендіктен, мемлекеттің тиісті қолдауынан тыс қалып отыр.
- Жеке қосалқы шаруашылықтар азық-түлік тауарларын өндіруге елеулі үлес қосу арқылы Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқарады. Елдің ауылшаруашылық тауарының едәуір бөлігін, соның ішінде сүттің, көкөністердің, еттің біразын өндіреді. Негізінен отбасылар басқаратын, жалдамалы жұмыс күшін пайдаланбайтын бұл шаруашылықтар - елдегі негізгі азық-түлік жеткізушілері ретінде отбасылық кәсіпкерліктің бір түрін дамытуға да үлес қосып келеді, - деді Қ.Сафинов.
Дөңгелек үстелге қатысушылар негізгі проблемалар қатарында жеке қосалқы шаруашылықтар қызметін реттейтін дербес заңның жоқтығын және қолданыстағы жер заңнамасы шеңберінде олардың қызметі дұрыс реттелмегенін атап өтті. Сондай-ақ, ветеринариялық қауіпсіздік нормаларының болмауына байланысты экологиялық проблемалар да кездеседі.