Президенттік орталықта танымал суретші, КСРО және Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі Сағынтай Әлімбетовтің «Адам. Табиғат. Уақыт» атты еске алу көрмесі өтіп жатыр. Қылқалам шеберінің 60-қа жуық картинасы қойылған көрме Президенттік орталық бастаған «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылғанын айта кетейік.
Көрменің ашылу салтанатында Орталық директоры Бақытжан Темірболат:
- Сағынтай Әлімбетовті кескіндеме философына теңейді. Бұл бекер айтылған сөз емес, өйткені оның еңбектерінде шындық пен миф, өткен мен бүгін бір-бірімен шебер үйлеседі, көрерменді мәңгілік құндылықтар призмасы арқылы айналамыздағы болмысты ойлауға және биікті көруге шабыт береді. Ол Әбілхан Қастеевтің мұрасын жалғастырып, қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған санаулы суретшілердің бірі, - деп атап өтті.
Қазақстан Суретшілер одағының және Журналистер одағының мүшесі Мария Жұмағұлова қылқалам шеберіне:
- Сағынтай Әлімбетов өте дарынды суретші, үлкен өнер иесі еді. Оның шығармалары адам, табиғат және уақыт үндестігінің үйлесімін, сондай-ақ көшпелілер дәстүрі мен қоршаған ортаның тығыз байланысын көрсетеді, - деген баға берді.
Көрмеге келушілер Сағынтай Әлімбетовтің «Ана мен бала» картиналар сериясын, Мөңке би, Есет Көтібарұлы, Шығанақ Берсиев, Әлия Молдағұлова, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова Тәттімбет, Қазанғап, Дәулеткерей, Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанова сынды тұлғалардың бейнелерін тамашалай алады. Мұнда картиналармен қатар, графика мен мүсіндік туындылар сынды күрделі композициялары да бар.
С.Әлімбетовтің картиналары еліміздің түрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде қойылған. Сонымен қатар Қазақстан, АҚШ, Франция, Аустрия, Түркия және Нидерланд елдерінің жеке коллекционерлерінің қорында сақталған.
Қылқалам шеберінің көрмесі 29 сәуірге дейін жалғасады.