Басты бетПрезиденттік орталық жаңа бағытта жұмыс істейді

Президенттік орталық жаңа бағытта жұмыс істейді

Президенттік орталық жаңа бағытта жұмыс істейді

Іс басқармасына қарасты Президенттік орталықтың жұмыс бағыты өзгерді. Ендігі уақытта тарихи мұраларды жүйелеп, зерделеумен қатар, оны жастар арасында насихаттауға, мәдени-ағартуға баса назар аударылып отыр. Бұл туралы орталық директоры Бақытжан Темірболат «Jibek Joly» телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Ол сондай-ақ Президенттік орталық Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларын негізге алу арқылы Қазақстанның даму перспективалары мен өзекті мәселелерді талқылайтын белсенді сарапшылық алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.

– Біз үнемі конференция, дөңгелек үстел, сарапшылардың кездесулерін өткіземіз. Мәдени-ағарту, ағарту бағытындағы іс-шараларға ерекше көңіл бөліп, жастарды тәрбиелеу арқылы мемлекеттілігіміздің тарихын кеңінен насихаттауда сапалы нәтижелерге қол жеткізуге тырысамыз, - деді спикер.

Бақытжан Темірболат орталықтың музейі мен мұрағатының қоры толығып жатқанына тоқталды. 

– Қазақстанның Тәуелсіздік тарихын қамтуға баса назар аударылып отыр. Президенттік орталық музейі 9 көрме залынан тұрады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бүгінгі таңда қорда 150 мыңға жуық мұрағат құжаты, 12 мың жәдігер, 40 мың кітап бар. Мемлекет басшысына берілген сыйлықтардан бөлек, мемлекеттік наградалар, бейнелеу және қолданбалы өнер мұралары, көрнекті қазақ спортшыларының жеке заттары және басқа да бірегей бұйымдар қойылған, - деді Бақытжан Темірболат.