ҚР ПІБ «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жабайы жануарлардың санағы жүріп жатыр. Бұл туралы ұлттық пактің аңтанушы инженері Юрий Зелинский ҚазАқпарат агенттігі тілшісіне берген сұхбатында айтты.
– Жыл сайын қорықшылар мен инспекторлар аң-құстардың санын, тыныс-тіршілігін бақылап отырады. Қажетті деректерді жинау үшін олардың ізін, дыбыстарын зерттейді, басқа да табиғи көрсеткіштерді пайдаланады. Фототұзаққа түскен кадрлардың да көп көмегі бар. Ұлттық парктің қай аймағында қандай жануарлар жиі кездесетінін, олардың өсу динамикасын, көші-қон үрдісін қадағалаймыз, - дейді Юрий Зелинский.
Оның айтуынша, аң-құстардың санағы маусым айына дейін жүреді.
Жалпы, «Бурабай» ұлттық паркінде сүтқоректілердің 50-ге жуық түрі, құстардың 200-ге тарта түрі кездесетінін айта кетейік. Оның ішінде сұңқылдақ аққу, аққұйрық бүркіт, сұр тырна сынды Қазақстанның қызыл кітабына кірген құстар бар.