Осы аптада ҚР ПІБ Медициналық орталығының Қарағанды облысындағы күндері өтті. Медорталық ауруханасы мен Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың нейрохирург, аритмолог, гинеколог, пульмонолог, уролог және басқа мамандары 25 операция жасап, 130-дан астам консультациялық көмек берді.
Дәрігерлер Қарағанды өңірінде бұрын-соңды жасалмаған күрделі операцияларды сәтті өткізгенін, олардың көмегіне жүгінген пациенттердің басым бөлігі ауыр диагнозы бар адамдар екенін айта кетейік. Бұдан бөлек, елордалық және алматылық мамандардың 26 презентациясы мен шеберлік сабақтарына мыңнан астам адам қатысты.
Апта ішінде Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының өкілдері жергілікті әріптестеріне алғашқы медициналық-санитарлық көмек тақырыбында бірқатар презентация жасады. «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмыс барысымен танысты, педагогтарға арнап дөңгелек үстел жиындарын ұйымдастырды.
Іссапар барысында Медициналық орталық пен Қарағанды облысының әкімдігі арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының өңірлердегі күндерін өткізудегі басты мақсат – әлемдік стандарттарға сай озық технологияларды аймақтарға трансферттеу, облыстағы медициналық және басқа да мекемелермен арада байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасу, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру екенін айта кетейік.
Осылайша, биыл екінші рет өткізіліп отырған ауқымды іс-шара Қарағанды облысынан бастау алды. Жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірлері қамтылуға тиіс.