Басты бетҚызметкерлердің қаржылай сауатын арттыруға көңіл бөлінеді

Қызметкерлердің қаржылай сауатын арттыруға көңіл бөлінеді

Қызметкерлердің қаржылай сауатын арттыруға көңіл бөлінеді Қызметкерлердің қаржылай сауатын арттыруға көңіл бөлінеді

ҚР Президентінің Іс басқармасында адам ресурсын дамытуға, қызметкерлердің қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» оқыту бағдарламасы басталды.

Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімі ұйымдастырған ауқымды іс-шара аясында белгілі бизнес-тренерлер мен сарапшы-заңгерлер орталық аппараттың және бағынысты ұйымдардың кадр жөніндегі қызметкерлеріне, заңгерлеріне жобаның таныстырылымы ретінде шеберлік сабағын өткізеді.

– Қаржылық тұрғыда сауатты болу, қажетті біліммен қарулану өте маңызды. Мәселен, қарыз келісімшартын жасайтын кезде отбасының бюджетін жоспарлауды, кіріс пен шығыс көлемін есептеуді, несие мен депозиттің қаншалықты тиімді немесе тиімсіз екенін зерделеуді әркім білуге тиіс. Қаржылық сауат бағдарламасы аясында біз осы тектес дүниелерді, сондай-ақ табысты арттыру тәсілдерін, алаяқтардың құрығына түспеу жолдарын үйретеміз. Инвестициялаудың тетіктері де қамтылады, - дейді ментор Зүлфия Бадеева.

Іс басқармасы жүйесіндегі жоба 4 наурызда басталып, 26 сәуірге дейін жалғасады. Оқыту бағдарламасы қашан және қай мекемелерде өтетіні туралы толық деректі инфографикадан көруге болады. Іс-шараға тілек білдіргендердің кез-келгені қатыса алатынын да айта кету керек.

– Бұл жобаның бір артықшылығы, мұнда оқытушылармен қатар заңгерлер де жұмыс істейді, олар қиын қаржылық жағдайға тап болған адамдарға тығырықтан шығуға көмектеседі. Біз осындай жобалар арқылы қызметкерлеріміздің қаржылай сауатын арттыруға, сол арқылы тұрмыс деңгейлерін жақсартуға көмектескіміз келеді, - деп атап өтті ҚР ПІБ Ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі Ербол Адаев.

Наурыз-сәуір айларында оқуға қатыса алмаған мамандарға кейін де бұл олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік бар. «Қарызсыз қоғам» құруға бағытталған бағдарлама Астанада жыл соңына дейін жалғасады.