ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев «Бурабай» МҰТП мен «Бурабай Даму» кәсіпорнында жыл басынан бері атқарылған жұмыс барысын және алдағы орта мерзімді жоспар туралы баяндады.
Ол өзінің телеграм арнасында:
– Президент Іс басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық саябағы мен «Бурабай Даму» кәсіпорны - елімізде туризмді дамытуға, әсем табиғатты қорғауға ерекше үлес қосып жүрген іргелі мекемелер. Биыл қаңтар-қазан айларында ұлттық паркке келушілердің жалпы саны 600 мыңнан асты. Әрине, Сарыарқаның жауһары саналатын өлкеге халықтың қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Дегенмен, адам аяғы көбейген сайын, тұмса табиғатты сақтау ісіне де соғұрлым көбірек маңыз беруге тура келетінін ескерген жөн, - деп жазды.
Президент Іс басқарушысы атап өткендей, осыған дейін курорттық аймақта Smart National Park Burabay жобасының екі кезеңі жүзеге асырылған болатын. Үшінші кезең шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастау, 5 өткізу-бақылау бекетін автоматтандыру, қоршаған ортаны бақылауға және мониторинг жасауға арналған 3 бейнекамера қою сынды инфрақұрылымдық жұмыстар қолға алынды.
– Қазір бірнеше секунд ішінде көліктің түрін, маркасын және мемлекеттік нөмірін тіркеуге алып үлгеретін автоматты жүйе тестілік режимде істеп тұр. Бұл бекеттерде кептеліс туындамауына, жемқорлық қатерлерін болдырмауға, жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Осы орайда, Smart National Park Burabay жүйесі өрттің алдын алу, браконьерлердің жолын кесу сынды жұмыстарға да оң ықпалын тигізгенін атап өткім келеді, – деді А.Дәдебев.
Оның айтуынша, биыл он айда ұлттық парк аумағындағы туристік маршруттармен серуендеген адамдардың саны 33 мыңнан асып түсті. Халықтың қызығушылығы жоғары екеніне көз жеткізілді. Сол үшін Шучье және Бурабай көлдерін айнала салынған веложолдар мен жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтар әлі де ұзара түсіп, Ақбура курортына дейін жетуге тиіс. Алдағы уақытта қосымша 8 шолу алаңын, көлік қоятын 4 алаң салынады деп жоспарланып отыр.
Курорттық аймақта байланыс пен интернет жүйесін жетілдіре түсу үшін жаңадан ұялы байланыс станциялары салына бастайды, бұрынғы базалық станциялар жаңартылады.
– Жылма-жыл орман алқабын ұлғайтып отыру ісі де жоспар бойынша жүріп жатыр. Биыл Ақылбай орман шаруашылығының аумағынан жаңа тәлімбақ салуға 50 гектар жер белгіленді. Орманшылар тұратын кордондар мен кеңселердің біразы жаңарып, 6 орман шаруашылығының инспекторлары жаңа қонысқа көшіп үлгерді.
Жоғарыда айтып өткенімдей, туризмді дамыту мен қоршаған ортаны қорғау жұмыстары бір-бірімен тығыз байланысты. Халық саны артқан сайын, инфрақұрылымды да жетілдіріп отыру керек, - деген Айбек Дәдебаев «Бурабай» ұлттық паркі мен «Бурабай Даму» кәсіпорны жергілікті әкімдікпен бірлесіп, қоқысты уақытылы шығару, табиғат аясында тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарына баса назар аударып келе жатқанын жеткізді.
Телеграм арнада айтылғандай, туристік өңірде жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жалғаса береді.