ҚР ПІБ Президенттік орталығында еліміздің ұлттық валютасының 30 жылдығына арналған «Теңге – тәуелсіздік нышаны» атты көрме ашылды.
Іс-шараға Ұлттық банк өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының өкілдері қатысты.
Көрменің ашылу рәсімінде Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат еліміздің ұлттық валютасы тәуелсіздіктің Әнұран, Ту, Елтаңба сынды басты атрибуттарымен қатар жүретін бірден-бір нышаны екенін, сондай-ақ халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназаров тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы Қазақстанның қаржы нарығының инфрақұрылымын қалыптастыру процесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Көрмеде жұртшылық назарына төл теңгеміздің алғашқы үлгілерінен бастап инвестициялық және коллекциялық монеталар, банкноттар қамтылған қазақстандық нумизматика топтамасы ұсынылды. Ұлттық валютаның заманауи үлгілерімен қатар, қазақ жерінен табылған VIII-XIV ғасырларға жататын ежелгі монеталардың түпнұсқасы қойылды.
Ұлттық валютаның 30 жылдығына орайластырылған көрме 15 қаңтарға дейін жалғасады.