ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев елімізде тазы мен төбетті сақтау және қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы өзінің телеграм арнасы арқылы баяндады.
- Мемлекет басшысы тазы мен төбетті қорғау мәселесіне назар аударып, оны қолға алуды былтыр Президент Іс басқармасына тапсырған болатын. Содан бері бірталай шаруа атқарылды. Осы тақырыпқа қатысты мемлекеттік органдар өкілдерімен кезекті кездесуімізді өткіздік. Басқосуда Қазақстан кинологтары одағының басшысы FCI-мен байланысты нығайту барысы туралы баяндады. 2024 жылғы мамыр айында елордада Халықаралық иттер көрмесін, соның аясында тазылардың жеке көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Оған FCI басшылығы келіп, еліміздің кинология саласындағы, оның ішінде қазақы ит тұқымдарын сақтауға бағытталған жұмыспен таныспақ, - деді А.Дәдебаев.
Президенттің Іс басқарушысы атап өткендей, тазы мен төбеттің стандарттарын жасау да өте өзекті. Бұл таза қанды қазақы ит тұқымдарын анықтауға, олардың статистикасын жүргізуге негіз болады. Тазыға қатысты кинологтар мен итбегілер, ғалымдар ортақ шешімге келді, ал төбеттің стандартына қатысты талқылаулар жалғасып жатыр.
- Биыл Генетика және физиология институты тазының генофондын анықтауға арналған зерттеуді аяқтады. Төбетке қатысты осындай жұмыс келесі жылы басталады. Байқап отырғандарыңыздай, кешенді жұмысқа бірқатар мемлекеттік орган мен қоғамдық ұйымдар атсалысып жатыр, - деген А.Дәдебаев ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен қорғау бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.