Республика күніне орай ҚР Президентінің Іс басқармасында салтанатты мерекелік жиын өтті. Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев ұжымды құттықтап, жыл басынан атқарылған жұмыс барысын қысқаша қорытындылап өтті.
– Осыдан 33 жыл бұрын 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат халқымыз аңсаған азаттықтың алғышарты болды. Былтырдан бері Президент шешімімен осы күнге өзіне лайықты ұлттық мереке мәртебесі берілді. Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылғандай, әр азамат отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті үнемшіл әрі жанашыр болса, еліміз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Іс басқармасы жүйесінде осы қасиеттерге сай, өз ісін терең білетін адамдар еңбек етіп, еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүр деп санаймын,– деді А.Дәдебаев.
Салтанатты іс-шарада бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік наградалар тапсырылды.
ҚР ПІБ «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» РМК әуе кемесінің командирі Әбдімырзаев Дүйсенқұл Мұхамеджанұлы, ПІБ «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының автошаруашылығы» РМК слесарі Ақтай Төлеу Еркішұлы, «ҚР ПІБ инженерлік-техникалық орталығы» РМК жетекші маманы Бережный Андрей Григорьевич, Медициналық орталықтың «Санитарлық - эпидемиологиялық сараптама орталығы» РМК бактериолог-дәрігері Джалмақанова Тұрсын Бариқызы, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» ММ инспекторы Қайырбеков Ерболат Мұхтарұлы «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» РМК ұшқыш-инспекторы Құдайбергенов Нұрлан Әнуарұлы, «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» РМК ұшқыш-нұсқаушысы Мельник Андрей Олегович, Медициналық орталық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Сүлейменова Дина Ерболқызы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Бұдан бөлек, ҚР ПІБ жүйесінде істейтін бірқатар қызметкерге «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары тапсырылды.
ҚР ПІБ орталық аппараты мен бағынысты ұйымдары қызметкерінің еңбегі жоғары бағаланып, ҚР Президенті Іс басқарушысының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табысталды.
Мемлекеттік марапатқа ие болған азаматтарды құттықтаған А.Дәдебаев:
– Республика күні рухымызды көтеріп, елдігімізді нығайтата түсетін, бірлігіміз бен ынтымағымызды арттыратын мереке. Бұл мейрамды атап өте отырып, біз кейінгі ұрпақ санасына отаншылдық, еңбекқорлық, адалдық және әділдік сынды асыл қасиеттерді сіңіреміз деп сенемін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық және еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Еліміздің мәртебесі әрқашан биік болсын! – деді.