ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай, «Бурабай» ұлттық паркінің ұжымын кәсіби мерекемен құттықтады.
Өзінің телеграм арнасында:
- Халқымызда «Бір тал кессең – он тал ек» деген даналық қағида бар. Жайқалған орман – еліміздің ен байлығы, болашақ ұрпаққа қалдырар аманатымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі орманды алқаптардың аумағын кеңейтуге тікелей мән беріп отыр. Осы орайда, «Бурабай» ұлттық саябағының еңбеккерлері өздеріне жүктелген маңызды міндетті абыроймен атқарып, жасыл желек жамылған жерлердің ұлғаюына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өткім келеді,- деп жазған А.Дәдебаев 130 мың гектарға жуық алқап пен ондағы аң-құстарды табиғи апаттардан, тілсіз жаудан күзету оңай еместігіне тоқталды.
Құттықтауда айтылғандай, "Бурабай" орманшылары әр жыл сайын орта есеппен 65 гектар аумаққа ағаш отырғызады. Кейінгі 2 жылда 1 млн түптен астам қайың мен қарағай көшеті егілді. Қарқынды еңбек мен төккен тердің арқасында орман аумағы кеңейіп, жан-жануарлар дүниесі байып келеді.
- Ұлттық парк қызметкерлері бірнеше жылдан бері Smart Burabay жаңашыл жүйесін пайдаланып, орман өртін дер кезінде ауыздықтауды меңгерді. Аң-құстардың санағын жүргізу және көбеюіне жағдай жасау, қоршаған ортаға қауіп төндірген қаскөйлерді құрықтау сынды қат-қабат жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылды. Көкше өңірінің жауһары саналатын қорықты көздің қарашығындай қорғап жүрген еселі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! - деген А.Дәдебаев әріптестерімізге қажырлы күш-қуат, шаңырақтарына құт-береке мен бақ-дәулет, еңбекте толағай табыс тіледі.