Бүгін елордада ҚР Президенті Іс басқармасының бағынысты ұйымдары арасында дәстүрлі спартакиада аясында волейболдан жарыс өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған дүбірлі сайысқа 12 команда олимпиадалық жүйе бойынша бақ сынады.
Былтырғы бәсекенің үздіктері биылғы жарыстың алғашқы кезеңдерінде кездескенін айта кетейік. Өткен жылғы жеңімпаз – Автошаруашылық командасы, "күміс" алған Медорталық және "қола" жүлдегер "Бүркіт" үшеуінің жолы ә дегеннен тоғысты. Медорталық кейінгі екеуін де жарыс жолынан тайдырды.
Тартысты бәсеке нәтижесінде ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы қызметкерлерінен құралған команда үздік ойын үлгісін көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Қарсыластарын қоғадай жапырып келген Медициналық орталық ойыншылары ақтық сында ғана жеңіліп, екінші орынды иеленді. Үшінші орын «Бурабай-Даму» серіктестігінің командасына бұйырды.
Шеберлігімен көзге түскен жекелей ойыншылар да назардан тыс қалған жоқ. ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясының волейболшысы Жұмабек Әубәкіров «Үздік шабуылшы» деп танылса, Инженерлік-техникалық орталықтың ойыншысы Асхат Алтынбеков «Үздік қорғаушы» атанды. «Қазқұрылысжүйесі» серіктестігінің қызметкері Самат Маралұлы «Шебер үйлестіруші» номинациясын иеленді. Ал Медициналық орталық командасының сапында өнер көрсеткен Алина Шефер нәзік жандылар арасында «Үздік ойыншы» деп табылды.
Президент Іс басқармасының орталық аппараты мен бағынысты ұйымдарының командалары жыл бойы шағын футбол, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен шеберлік байқасқан болатын. Жыл басынан бері жалғасқан дәстүрлі спартакиаданы волейболшылар түйіндеді.