Бүгін ҚР Президентінің Іс басқармасы мен «Siemens Healthcare GmbH» компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум аясында бірқатар бағыттар бойынша әріптестік байланыс орнату қарастырылған. Соның ішінде ҚР ПІБ Медициналық орталығында заманауи терапевтік жүйелер мен диагностикалық визуализацияға арналған құрылғылар шығаратын әлемдік лидер Siemens Healthineers референс-орталығын құру көзделіп отыр.
Сондай-ақ, тараптар емдеу нәтижелерін жақсарту үшін жаңа өнімдер мен клиникалық әдістемелер жасау, ҚР ПІБ жүйесінде қолданылып жүрген «Siemens» компаниясының медициналық техникаларын жаңарту туралы уағдаласты.
Бұл құжат Медициналық орталық клиникаларына диагностика жасаудың озық инновациялық әдістемелеріне қол жеткізуге, халыққа жоғары сапалы инновациялық медициналық қызметтің жетімді болуын саралауға, мамандардың біліктілігі мен ғылыми жұмыс деңгейін арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді.