Бүгін елордада ҚР Президентінің Іс басқармасы мен бағынысты ұйымдары қызметкерлерінің арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті.
Салауатты өмір салты мен белсенді демалысты насихаттау үшін жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі спартакиада аясындағы турнирде әрқайсысы екі ойыншыдан жасақталған 10 команда бақ сынады.
Тартысты бәсекеде ҚР Президенті Іс басқармасы орталық аппаратының қызметкерлерінен жасақталған команда бас бәйгені жеңіп алды. Алма Сағижанқызы мен Ерлан Әмірғалиев қарсылас шақ келтірмеді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының намысын қорғаған Ерік Әбдірахманов пен Әділхан Ақдәулетов екінші орынды иеленді. Жүлделі үшінші орынды Елжас Жүсіп пен Меруерт Бекішева ойнаған Әкімшілік ғимараттар дирекциясының командасы жеңіп алды.
Ақтық сында жолдары түйіскен Ерік Әбдірахманов пен Ерлан Әмірғалиевтің кездесуі турнирдің ең тартымды ойыны деп танылғанын айта кетейік. Ал жеңімпаз команда сапындағы Алма Сағижанқызы «Үздік ойыншы» атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен медальдар, тиісті дипломдар мен сертификаттар тапсырылды.
Ұлттық ойын түрінен бақ сынаған Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының, Президент Телерадиокешенінің, Автошаруашылық РМК, «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы, Инженерлік-техникалық орталық және «Бурабай-Даму» кәсіпорнының қызметкерлерінен жасақталған командалар лайықты өнер көрсеткенін атап өткен жөн.