Алдағы аптада ҚР ПІБ Медициналық орталығының Жамбыл облысындағы күндері өтеді. Мекеменің елордадағы ауруханасы мен Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханасының жоғары білікті дәрігерлері жергілікті халыққа консультациялық көмек береді, күрделі операциялар жасайды деп жоспарланып отыр.
25 қыркүйекте Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында пациенттерге Медорталық ауруханасы басшысының хирургия жөніндегі орынбасары, жоғары санатты дәрігер Мыңжылқы Бердіходжаев, Орталық клиникалық аурухананың Нейрохирургия орталығының меңгерушісі Марат Саршаев консультация беріп, операция жасайды.
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында жоғары санатты дәрігер-онкохирург Ғалия Хорошаш қабылдау жүргізеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы орталықта Астанадағы аурухананың дербес геномдық диагностика зертханасының меңгерушісі Гүлшара Әбілдина мен бас онкологы Назар Сейдалин, эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Арсен Түсіпбаев семинар өткізуге тиіс.
27 қыркүйек күні Тараз қалалық көпсалалы ауруханасында жоғары санатты уролог-дәрігері Шарафутдин Азизов пен жоғары санатты дәрігер-гинеколог Айгүл Тұрсынова пациенттерді қабылдайды. Осы күні Медорталық ауруханасы директорының емдеу жөніндегі орынбасары, жоғары санатты дәрігер Раушан Қарабаева, Алматыдағы клиниканың ішкі аудит қызметінің бақылаушысы, денсаулық сақтау экономисі Эльмира Забирова, жоғары санатты реаниматолог-дәрігері Айнұр Кәріпжанова, жоғары санатты дәрігер-терапевт Элеонора Старцева, терапия бөлімшесінің меңгерушісі Айжан Сәрсембаеваның қабылдауына келуге болады.
Медорталық делегациясы жыл басынан бері Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай облыстарына, сондай-ақ Шымкент қаласында барғанын айта кеткен жөн. Дәрігерлер ғана емес, Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы, «Оқ-Жетпес» емдеу-сауықтыру кешені және «Қарлығаш» балабақшасы сынды қарасты кәсіпорындарының қызметкерлері де өңірлердегі әріптестерімен кездесіп, өздерінің озық тәжірибесімен бөліседі.
Жамбыл облысындағы іс-шара 25-29 қыркүйек аралығын қамтиды.
Барлық сұрақтар бойынша мына номерге хабарласуға болады: +7 (7172) 74 97 00, +7 708 888 88 06