ҚР Президентінің Іс басқармасында «Жеке және қызметтік қарым-қатынастың әдеп нормалары мен қағидаттары» атты семинар өтті.
Алқалы жиынға Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық қарасты ұйымдарының әдеп жөніндегі уәкілдері, кадр бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Басқосуда сөз алған аппарат басшысының міндетін атқарушы Ербол Адаев Президенттің Іс басқармасы жүйесінде қызметкерлердің этикалық нормаларды сақтауына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Семинар қонағы, Астана қаласындағы практикалық психологтар қауымдастығының президенті, Іскерлік әкімшілендіру докторы Айқын Дүйсембаев жиылғандарға дәріс оқыды. Ол өзінің жұмыс тәжірибесі мен зерттеулерін тілге тиек ете отырып, оны жұмыс барысында қалай пайдалануға болатынын түрлі мысалдар арқылы түсіндірді.
– Этикалық нормалардың жауапкершілік, заңдылық, мораль сынды құрамдас бөліктері бар, оны бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Қызметкерлердің жоғары кәсіби біліктілігі, мінез-құлқы мен жекелей адами қасиеттері тұтас мекеменің бет-бейнесін қалыптастырады,- деді А. Дүйсембаев.
Қатысушылар дәріскерге жұмыс барысында туындайтын түрлі мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.