ҚР Президентінің Іс басқармасында ұлттық ит тұқымдары - тазы мен төбетті сақтау, қалпына келтіру және халықаралық деңгейде таныту ісіне белсене атсалысқан азаматтарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын тапсыру рәсімі өтті.
Салтанатты жиында Президенттің Іс басқарушысының орынбасары Сергей Хорошун марапатталушыларды құттықтап, олардың ұлттық ит тұқымдарын сақтау және халықаралық деңгейде таныту ісіне қосқан үлестерін атап өтті. Қазақстан кинологтары одағы Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) толық құқылы мүшесі ретінде қабылданғанына ерекше тоқталды.
– Халықаралық кинологиялық федерацияның Бас ассамблеясында өткен дауыс беру рәсімінде 77 мүше мемлекеттің 72-сі Қазақстанның кандидатурасына қолдау білдіргені біздің еліміздің биік беделін, сондай-ақ Қазақстан кинологтары одағы Сыртқы істер министрлігімен, Экология министрлігімен және Президент Іс басқармасымен бірлесіп үлкен жұмыс атқарғанын көрсетеді, - деді С.Хорошун.
Мемлекет басшысының Алғысы Қазақстан кинологтары одағының, Сыртқы істер министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және ҚР Президенті Іс басқармасының қызметкерлеріне тапсырылғанын айта кетейік.
Өз кезегінде Қазақстан кинологтары одағының басшысы Бауыржан Серікқали:
– Бүгінгі шара біздің осы жетістікпен тоқтап қалмай, алда жаңа белестерді бағындыруға деген құлшынысымызды арттыра түседі. Келесі жылы мамыр айында Астанада иттердің халықаралық көрмесін өткізіп, соның аясында тазыны халқымыздың төлтума ит тұқымы ретінде тіркету үшін Халықаралық кинологиялық федерацияға өтініш беруді жоспарлап отырмыз, - деді.
Жиын барысында С.Хорошун тазы мен төбетке қатысты жұмыс екі бағытта жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бірінші бағыт – төл ит тұқымдарын халықаралық деңгейде таныту болса, екінші бағыт – еліміздің ішінде жүйелі жұмысты жолға қою.
Президенттің Іс басқармасы былтыр осы екі міндетті жүзеге асыруды өз қарауына алған болатын. Содан бергі аралықта ҚР ПІБ МТҚБ Парламентаризм институтының мамандары, салалық министрліктердің өкілдері, Парламент депутаттары және қоғам белсенділері заңнамалық базаны жаңартуға атсалысты.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде айқындалып, министрлік жанындағы «Охотзоопром» кәсіпорнының базасында Ұлттық тазы мен төбет орталығы құрылды. Алдағы уақытта бұл орталықта зерттеу жұмыстарын жүргізу, таза қанды иттердің стандарттарын бекіту, маман даярлау, кинологиялық орталықтармен байланысты кеңейту сынды жұмыстар атқарылмақ.