Таяуда ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінде «Қызыл кітапқа» енген сілеусін бейнекамераға ілінді.
Көбінесе түнде жортатын, күндіз көзге өте сирек шалынатын аса сақ жануарды «Бурабай» орман шаруашылығының инспекторы Әділхан Шәймерденов ұялы телефонына түсіріп алған.
- Кешқұрым жұмыстан қайтып келе жатыр едім. Жол жиегінен терісінің түсі өсімдіктермен астасып, көзге әрең көрінген сілеусінді байқап қалдым. Өте сақ жануар ғой, мен телефонымның камерасын қосып үлгердім, ол да бір-екі секундта жалт бұрылып, қалың ағаштың ішіне қарғып кіріп кетті. Керемет жылдам екен, - дейді ол.
«Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері жыл сайын басқа аң-құстармен бірге сілеусіндердің де тыныс-тіршілігін зерттеп, санақ жүргізіп отыратынын айта кету керек. Зоологтар бұл өңір сілеусіндер үшін өсіп-өнуге ыңғайлы мекен деп санайды. 2021 жылы мұнда бар-жоғы 9 сілеусін болса, екі жыл ішінде 39-ға жетіп отыр.