Бүгін ҚР ПІБ Медорталығының Қостанайдағы күндері басталды. 21-24 тамыз аралығына жоспарланған ауқымды іс-шараның алғашқы күнінде Медорталықтың елордадағы ауруханасы мен Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың мамандары жергілікті емдеу мекемелерінде күрделі операциялар өткізді.
Қостанай облыстық ауруханасында белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев 61 жастағы науқасқа жедел аневризма эмболизациясын стенттеу операциясын жасады. Сондай-ақ миының сол жақ жартышарының артериовенозды ақауы бар 50 жастағы науқас та отадан сәтті өтті.
Орталық клиникалық аурухананың травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі Сәкен Молдағалиев бүгін тізе буындары дертке шалдыққан науқасқа күрделі операция жасады. Орталық клиникалық аурухананың гинекология бөлімшесінің жоғары санатты акушер-гинекологы Асқар Ибраев-Рысбеков та жергілікті хирургтермен бірлесіп, екі операция өткізді.
Сондай-ақ-ақ, Медорталық ауруханасы директорының емдеу жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы Раушан Қарабаева, клиникалық-фармакологиялық бөлімнің меңгерушісі Алтын Нұрпейісова, Орталық клиникалық аурухананың жоғары санатты дәрігері Гаухар Исакова жергілікті әріптестеріне жаңа емдеу технологиялары туралы бірнеше презентация жасады.
Төрт күнге созылатын іс-шара барысында Медорталыққа қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық орталық, Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы, «Оқ-Жетпес» емдеу-сауықтыру кешені және «Қарлығаш» балабақшасы сынды мекемелердің қызметкерлері тренинг өткізіп, тәжірибелерімен бөліседі деп жоспарланған.
Медорталықтың Қостанай облысындағы күндері туралы толығырақ ақпаратты +7 7172 74 97 00, +7 708 888 88 06 телефондарынан (Эльмира Байқұлова) алуға, облыс орталығындағы мемлекеттік медициналық нысандарға хабарласып білуге болады.