Бүгінгі кәсіби мерекеге орай, Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасы арқылы Президент Іс басқармасына қарасты ұйымдарда жұмыс істейтін, құрылыс саласына қатысы бар барша әріптестерімізді құттықтады.
- Сән-салтанаты жарасқан көптеген әсем ғимараттардың бой көтергені, халық игілігі үшін сапалы қызмет атқарып тұрғаны өздеріңіздің еселі еңбектеріңіздің нәтижесі.
Осыдан 18 жыл бұрын құрылған «Қазқұрылысжүйесі» мекемесі халықтың көз қуанышына айналған ондаған ғимараттың бой көтеруіне атсалысып, техникалық бақылауды жүзеге асырды,- деді Президенттің Іс басқарушысы.
Құттықтауда айтылғандай, "Қазқұрылысжүйесі" Ақорда резиденциясының, Парламент палаталары, Қорғаныс министрлігі мен Министрліктер үйі, Жоғарғы Сот ғимараттарының салынуына сүбелі үлес қосты. Әріптестеріміздің еселі еңбегінің арқасында «Бәйтерек» монументі, Салтанат сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық кітапхана, «Астана-Опера», «Астана-Арена» стадионы сынды елорданың мақтанышына айналған мәдени және спорттық нысандар пайда болды.
- Бүгінгі мереке тікелей құрылысшылар ғана емес, сонымен қатар инженер, электрик, ағаш шебері, тазалаушы және басқа мамандық иелеріне де қатысты деп санаймын. Себебі, ғимараттардың сапалы салынуы, инфрақұрылымының мүлтіксіз жұмыс істеуі, күн сайынғы күтімі, ұзақ уақыт халық игілігіне жарауы осы кісілердің жұмысына тікелей байланысты екені сөзсіз,- деген А.Дәдебаев оларға мықты денсаулық, шаңырақтарына бақ-береке мен мол қуаныш тіледі.