ПРЕСС-РЕЛИЗ
"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде көшпелі кеңес өтті. Оған ҚР Президентінің Іс басқармасы, экология және табиғи ресурстар министрлігі, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, "Қазақстан Ғарыш Сапары "ҰК" АҚ, Ақмола облысы ТЖ департаменті, Бурабай ауданы әкімдігі, еліміздің бірқатар ұлттық табиғи парктері мен резерват өкілдері қатысты.
Олар Бармашын орманшылығының жұмысымен жіті танысты. Атап айтқанда, орманның өндірістік базасы және орман өрт станциясы мен антенна-діңгек мұнараларының бірінің жұмысы көрсетілді. Онда бейнебақылау камерасы орналасқан. Ол камера өртті ерте кезеңде анықтап, оның алдын-алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл шараға қатысушылар мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жедел басқару орталығына барды. Онда "SMART National Park Burabay" жүйесінің жұмысы кеңінен таныстырылды.
Бұл SMART жүйенің артықшылығы көп. Нақтырақ айтсақ, диспетчерлер 24/7 режимінде ұлттық парктің бүкіл аумағын қашықтан еш қиындықсыз бақылай алады. Камераларды басқара алады. Көру нүктесін 360 градусқа дейін өзгертіп, кескінді жақындатуға немесе алыстатуға да мүмкіндігі бар. Жүйе жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді, онда түнгі уақытта да көру функциясы бар қуатты оптика және жылу өлшеуіштері де бар. Өз кезегінде бұл функциялар өртті ерте анықтауға және тілсіз жауды тез арада оқшаулап сөндіруге қатысты жедел әрекет ету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Анықтама:
"Бурабай" МҰТП-да өртті ерте анықтаудың "ақылды" электрондық жүйесін енгізу 2020 жылы басталды. Осы уақыт ішінде ол өзінің тиімділігін дәлелдеді. Айталық, 2020 жылы ұлттық парктің 84 гектар орман алқабы табиғи өрттен зардап шеккен болса, келесі жылы – смарт-жүйенің арқасында өрттен зардап шеккен аумақтардың ауданы 4 есеге қысқарып, 20,5 га құрады, ал 2022 жылы бар болғаны 1,3 га зардап шекті.
"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өткен көшпелі кеңеске қатысушылар орман шаруашылығына қатысты бар өзекті мәселелерді жіті талқылады. Сондай-ақ, тараптар Қазақстанның ормандарын өрттен сақтау жөніндегі жұмыстағы тәсілдерді жетілдіру бойынша озық тәжірибелерімен бөлісті.
ҚР ПІБ баспасөз қызметі