Бүгін Мемлекетшік қызметші күніне орай, ҚР Президенті Іс басқармасының орталық аппаратында салтанатты жиын өтті. Еселі еңбегімен көзге түскен мамандар марапатталып, жаңадан қызметке қабылданғандардың ант беру рәсімі болды.
Күнделікті жұмысын сапалы атқарып қана қоймай, қоғамдық және бұқаралық спорт шараларына да белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға басшылықтың арнайы Алғыс хаты тапсырылды.
Ал ҚР Президенті Іс басқармасы Күрделі құрылыс бөлімінің бас консультанты Данагүл Ерғазықызы Мұханбетқалиева ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісіне ие болды.
Барша әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтаған Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев:
– Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, жұрт дегенде жүгініп қызмет ету — әр азаматтың айнымас борышы. Сіздерге ел мүддесі жолында ерінбей еңбек ету, халықтың әл-ауқатын арттыруға атсалысу сынды мәртебелі міндет жүктеліп отыр. Мемлекеттік басқару аппаратының абыройы мен қабылданған шешімдердің тиімді жүзеге асуы өздеріңіздің кәсіби біліктіліктеріңізге тікелей байланысты. Осындай жауапты қызметте баршаңызға сарқылмас күш-қуат пен биік бедел, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін! Адалдық, ашықтық, кәсібилік сынды қағидаларды берік ұстанып, халықтың алғысына бөленіп, толағай табысқа жете беріңіздер! – деді.