Балаларды қорғау күніне орай, ҚР Президентінің Іс басқармасы мен ведомстволық қарасты ұйымдар қызметкерлерінің балалары арасында шахмат турнирі өтті.
72 балдырған бақ сынаған сайысқа қатысушылар жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөлініп ойнады.
Жарыстың ашылу салтанатында cөз алған ҚР ПІБ аппаратының басшысы Мұрат Дәрібаев:
– Шахмат – ақылдылар мен тапқырлардың ойыны, ол логиканың мықты болуын талап етеді. Спорттың осы интеллектуалдық түрінен бақ сынауға тілек білдірген балалардың көп болғанына қуаныштымыз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді.
Балғын шахматшылар бәсекесіне ФИДЕ шебері, Қазақстан чемпионатының жүлдегері, «Ход конём» шахмат клубының негізін қалаушы Павел Юрков командасымен келіп, төрелік жасады.
– Балалардың ойынына тәнті болдым. Шеберлік дәрежесіне қарап, басым көпшілігі шахматпен көптен бері шұғылданатынын көріп отырмыз. Олар үшін шаршы тақтада мықты қарсыласпен кездесу, бір-бірімен танысу өте пайдалы болғаны сөзсіз, – дейді ол.
Сонымен, 7-9 жастағы бүлдіршіндердің шаршы тақтадағы тартысты бәсекесінде 1-орынды Әлмәди Ерболатов жеңіп алды. Жүлделі 2-3-орындарды Әли және Нәби Бөлеубай есімді егіздер иеленді. Ерекше ойын өрнегімен көзге түскен Іңкәр Қожахметова арнайы сыйлыққа лайық деп табылды.
10-12 жас аралығындағы шахматшылар сайысында Айсұлтан Исабай жеңімпаз атанды. 2-орынды Сұлтан Құсайын жеңіп алса, 3-орын Азат Оразаевқа бұйырды. Шеберлігімен көзге түскен Самира Серіковаға төрешілер шешімімен арнайы сыйлық табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ ерекше ойынымен көзге түскен шахматшылар тиісті кубоктармен және дипломдармен марапатталды. Ұйымдастырушылар балғын шахматшылардың ешқайсысын назардан тыс қалдырмай, алғыс хат пен сыйлық тапсырды.