ҚР ПІБ «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары жүргізген санақ қорытындысы бойынша, биыл қорықтағы Аскания бұғыларының саны 1512 басқа жетті.
«Бұл әсем жануарлар – біздің парктің мақтанышы. Екі аяқты «қасқырлар» мен аңның қасқырынан қорғамасақ, табиғаттың осы қымбат сыйынан айырылып қалуымыз оп-оңай. Сол үшін қорықшылар бұғыларды қысы-жазы сыртынан бақылап, күзетіп жүреді, санақ жүргізеді.
Арқаның қысы қатал екенін білесіздер. Орман шаруашылықтарының әр жерінде жергілікті аң-құстар үшін жүзден астам науа қойылған. Қыс бойы қорықшылар сол науаға жемшөп пен тұз салып тұрады. Бұғы-маралдар да үйреніп алған, науа қойылған жерлердің төңірегінде жайылады», – дейді «Бурабай» МҰТП бас аңтанушы маманы Мират Бейсембаев.
Аскания бұғылары Украинадағы Аскания-Нова қорығында Қырым, Кавказ және Вапити бұғыларын будандастыру арқылы шыққан ерекше тұқым екенін айта кетейік. 1938-1972 жылдары Қазақстанның жануарлар әлемін байыта түсу үшін өзге елдерден бірқатар аң-құс әкелінген болатын. Аскания бұғысы да біздің өңірге Укаринадан сол жылдары әкелінді.
Атап айтқанда, 1963-1966 жылдары Азов-Сиваш қорығынан – 58 бас, 1984 жылы – «Аскания-Новадан» тағы 2 бас бұғы келді. Көкше өңірін жерсінген сол 60 бұғы бүгінде 1512 басқа жетіп отыр.
Фото © «Бурабай» МҰТП фототұзағына ілінген Аскания бұғылары