Ертең ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының базасында Ядролық медицина тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция басталады.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Қазіргі заманғы ядролық медицина: диагностикадан тераностикаға дейін» атты ғылыми-тәжірибелік конференция үш күнге созылмақ.
Алқалы жиынға Қазақстан мен ТМД елдерінің ядролық медицина саласындағы жетекші мамандары мен ғалымдары (сәулелік диагностика дәрігерлері, онкологтар, кардиологтар, урологтар, радиохимиктер, химик-аналитиктер, клиникалық физиктер, басқа да мамандар) қатысады. Олар жүрек, қуықасты безі ауруларын және эндокринологиялық ауруларды анықтауға қатысты жаңа зерттеу әдістерін енгізуді талқылайды.
23 мамырда Ядролық медицина орталығының жаңа корпусы ядролық медицина, сәулелік диагностика дәрігерлерінің, кардиологтардың, онкологтар мен кардиохирургтардың жүрек ауруларын ядролық диагностикалаудың жаңа әдістері, миокардтың өміршеңдігін бағалау туралы шеберлік сабақтары өтеді.
Сарапшылар химиктерге, физиктер мен радиофармацевттерге арналған шеберлік сабақтарында биыл Медорталық ауруханасының Ядролық медицина орталығында өндіріле бастайтын 11С-метионин (көміртекті метионин) радиофармацевтикалық препаратын өндіру және оның сапасын бақылау туралы деректерді ортаға салады.
24 мамыр күні сағат 9:00-де Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой және Медорталық ауруханасының директоры Рустам Албаевтың қатысуымен конференцияның ресми ашылу рәсімі өтеді.
Алқалық жиынның пленарлық сессияларында ТМД мамандарының қатысуымен урологиялық, кардиологиялық және эндокриндік ауруларды ерте диагностикалау үшін Ядролық медицина орталығында өндірілген радиофармацевтикалық препараттарды қолдану арқылы енгізілген әдістер қаралатын болады.
25 мамыр ядролық зерттеулер тақырыбындағы шеберлік сабақтары мен жаңа технологияларға арналады. Дәрігерлер лиганд-ПСМА негізінде қуықасты безінің және басқа патологияларын анықтау жолдарын, радиофармацевтикалық препаратын өндіру және сапасын бақылау барысын талқылайды.