ҚР Президентінің Іс басқарушысы А.Дәдебаев мекемеде цифрлық трансформация жүріп жатқанын хабарлады.
Ол өзінің телеграм арнасында:
– Ішкі бизнес процестерді қайта қарап, оңтайландыру Президенттің мемлекеттік секторды цифрлық құралдар арқылы дамыту жөніндегі тапсырмасына орай жүргізіліп жатыр. Заманауи технологиялар басқару процесін барынша автоматтандыруға, қызметкерлердің жауапкершілігі мен кәсіпорындар жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал ететінін түсінуіміз керек. Сонымен қатар бұл жоба ұжымдағы қарым-қатынасты жақсартып, жұмыс нәтижесіне де оң әсер етеді, – деп жазды.
А.Дәдебаевтың айтуынша, жобаға дайындық кезеңінде алдын-ала сараптама жасалып, бес жүзге жуық маман арасында сауалнама жүргізілді, өзгерістердің бағыт-бағдары айқындалды. Осылайша, цифрлық трансформация медициналық қызмет, құрылыс, әуе тасымалы мен автотасымал, ұйымдастыру және материалдық-техникалық қызмет көрсету сынды бағыттарды қамтып отыр.
– Сондай-ақ, құжат айналымы, HR-процесс, бюджет құру мен құқықтық қолдау, сатып алу, стратегиялық жоспарлау сияқты басқару процестерін жетілдіре түсу көзделген.
Трансформация нәтижесінде өндіріс процесін айтарлықтай оңтайландыруды, бюрократияны барынша азайтуды, және жұмыс сапасын одан әрі жақсартуды межелеп отырмыз,– деп жазды Президенттің Іс басқарушысы.
ҚР Президентінің Іс басқармасындағы цифрлық трансформация 2025 жылы толық аяқталуға тиіс. Дегенмен, оң өзгерістер биылдың өзінде болуға тиіс екенін айтқан А.Дәдебаев бұл туралы міндетті түрде хабарлайтынын жеткізді.