ҚР ПІБ «Бурабай» ұлттық паркінде жыл сайын көктем шыға басталатын дәстүрлі «Парктер шеруі-2023» табиғатты қорғау акциясы өтіп жатыр.
Сәуірдің басында саябақ қызметкерлері орманда құстарға арнап 98 үйшік орнатты. Одан бөлек, өзен-көлдердің жағалауында жасанды 52 ұя жасалды.
Орман инспекторлары халықтың қоршаған орта туралы таным көкжиегін кеңейтіп, экологиялық білім беруді қолға алғанына да тоқтала кеткен жөн. Атап айтқанда, мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің арасында табиғатты қорғау тақырыбындағы қызықты викториналар өтіп жатыр. Жастар қорықшылардың жұмысының қызығы мен қиындығы жайлы әңгімелерді де ықыласпен тыңдайды.
Күн жылына келе жергілікті халықты экологиялық сенбілікке шақыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, балғын қылқалам шеберлерінің арасында табиғат тақырыбын тақырыбында сурет байқау өтпек. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған осы тектес іс-шаралар үш ай бойы толассыз жүргізілуге тиіс.
Мемлекеттік табиғи қорықтар, ұлттық парктер, табиғи резерваттар жыл сайын өткізетін дүниежүзілік «Парктер шеруі» акциясының тарихы өткен ғасырдың орта шенінен басталатынын айта кетейік. Ауқымды іс-шара халықтың, қоғамның, билік органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының және кәсіпкерлердің назарын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың проблемаларына аударуға бағытталған.