ҚР Президенті Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығы мен Ұйымдастыру-бақылау және кадрлық жұмыс бөлімі бірлесе отырып, HR мамандардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететін маңызды жобаны жүзеге асырды. Бұл туралы Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында айтты.
– Былтыр іске қосылған «Бірыңғай кадр жүйесі» ақпараттық жүйесінің арқасында барлық ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың кадрлық жұмысы автоматтандырылып, ортақ стандарт жасалды. Бұл жалпы ПІБ жүйесінің жұмысын саралауға жол ашып отыр, – деген А.Дәдебаев жаңа жүйенің артықшылықтарына қысқаша тоқталып өтті.
Оның айтуынша, БКЖ кадрлық іс жүргізу, HR-процесс, еңбекақы төлеуді автоматтандыру, тұрғын үй қоры сынды 4 ішкі жүйеден тұрады. Персоналды іріктеуде меритократия қағидатының сақталуы мен HR-процестердің автоматтандырылуы сынды пайдалы жақтары көп. «Ақылды» жүйе бос лауазымға лайық үміткерді алдымен ведомстволық бағынысты ұйымның ішінен, содан кейін Президенттің Іс басқармасы жүйесіндегі қызметкерлердің арасынан автоматты түрде өзі таңдайды. Содан кейін ғана басқа мекемелерден іздейді.
Таңдау алгоритмінде негізгі 3 өлшем бар, ол – кандидаттың меңгерген машықтары, білімі және еңбек өтілі. Сондай-ақ, жүйе кандидаттың сол кәсіпорында ғана емес, бүкіл ПІБ жүйесінде істейтін барлық туыстарын көрсетіп, оған бұра тартуға жол бермейді. Қызметкердің тиісті лауазымға қаншалықты лайық екенін автоматты түрде саралап, кәсіпорын шеңберінде және бүкіл ПІБ жүйесі бойынша әділ баға береді. Ал бос орынға кандидаттың сәйкестік өлшемі шекті деңгейден артық, бірақ 100%-дан аз болса, онда жүйе қызметкерді оқытудың жалпы жоспарында ескерілетін жеке даму жоспарын құрып береді.
– Бірыңғай кадр жүйесі үміткерлердің санын, олардың қаншасы біліктілігін арттырғанын, кадр резервінен бос лауазымдарға тағайындалғандардың үлесін, резервтен кетіп қалғандардың саны мен оған не себеп болғанын көрсету арқылы кадрлық резервтің қаншалықты тиімді екені туралы да ақпар береді. Тағы бір артықшылығы, еңбекақы автоматты модуль арқылы есептеледі. Ал «Тұрғын үй қоры» модулі арқылы қызметтік тұрғын үйдің жай-күйін, баспанаға мұқтаж қызметкерлердің кезегін бақылауға мүмкіндік жасалған, – деп жазды Президенттің Іс басқарушысы.
Тағы бір айта кетерлігі, БКЖ ақпараттық жүйесі еліміздің Еңбек кодексінің барлық ережелеріне сәйкес келетінін, ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сынағынан өткен. Оны Іс Басқармасына қарасты кәсіпорындардың талаптарына орай бейімдеп, ауқымын кеңейтуге болатындығы да оның артықшылықтарының бірі деуге болады.
Бұған дейін Президент Іс басқармасының Инженерлік-техникалық орталығының мамандары оны Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалар», Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Enbek.kz, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Е-қызмет» деректер базасымен біріктірген болатын. А.Дәдебевтың айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін қызметкерлердің деректерін қолмен енгізуді барынша азайту үшін мемлекеттік дерекқорлармен интеграция жасау толық аяқталады.