Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаевтың Президент Іс басқармасына қарасты мекемелердің ұжымымен жыл сайынғы дәстүрлі кездесуі басталды. Бұл туралы ол өзінің телеграм арнасында айтты.
Құрылғанына биыл 30 жыл толған Материалдық-техникалық қамту басқармасының Әкімшілік ғимараттар дирекциясына барған А.Дәдебаев кездесу туралы:
– Іргелі кәсіпорын еліміздің маңызды мемлекеттік органдарының мүлтіксіз жұмыс істеуіне жан-жақты жағдай жасап отыр. Ұжыммен кездесуде еңбекақыны көтеру, әлеуметтік көмек көлемін ұлғайту, баспана алуға қолдау жасау, жұмысқа қажетті техника алу, ғимараттарға жаңа жиһаз қою, қызметкерлердің арнайы жұмыс киімін жаңарту, жұмыс процесін жетілдіру және басқа да тақырыптарды сөз еттік, – деп жазды.
Сондай-ақ Президент Іс басқармасында QR-код арқылы кері байланыс жүйесі орнатылғанын, оның көмегімен кез-келген қызметкер өзінің өтінішін басшылыққа жеткізе алатынын айтты.
А.Дәдебаев былтырдан бері Президенттің Іс басқармасына қарасты кәсіпорындардың барлығында кездесу өткізіп жүргенін айта кету керек. Таяу уақытта кездесу басқа да ведомстволық мекемелерде жалғасын табады.