Басты бетМедорталық ауруханасының мамандары саумалды онкологияда пайдалану туралы зерттеуді патенттеді

Медорталық ауруханасының мамандары саумалды онкологияда пайдалану туралы зерттеуді патенттеді

Медорталық ауруханасының мамандары саумалды онкологияда пайдалану туралы зерттеуді патенттеді

ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасының ғалымдары Татарстанның Қазан университетімен бірлесіп онкологияда бие сүтін қолдануға инновациялық патент алды. 


Клиниканың бас гастроэнтерологы Бақытжан Бимбетов ҚазАқпарат агентттігіне берген сұхбатында бұл қуанышты жаңалықтың мән-жайын былай деп түсіндірді: 
– Біз бие сүтінің емдік-диеталық, профилактикалық, оңалту қасиеттерін зерттеумен айналысамыз. Оның ішінде онкологиялық ауруларға қатысты мәселелер де қамтылды. Менің онколог диссертантым сүт безі қатерлі ісігінің химиялық терапиясында пастерленген құрғақ бие сүтін қолдануды зерттеп жүргеніне біраз болған еді.  Бұл терапия көптеген жанама әсерлерді тудырады, атап айтқанда адамдар оны қиын өткереді, өмір сапасы төмендейді, лейкоцит пен тромбоцит төмендейді, жүректі айнытады, құстырады, адам әлсірейді. Біз ғылыми зерттеу жүргізіп, бір топқа бие сүтін бере отырып химиялық терапия жасадық, екінші топқа бие сүті қолданылмады. Нәтижесінде, алғашқы топтағы науқастардың жағдайы жақсы болды. 


Ғалымның айтуынша, бие сүтін қолданудың арқасында біраз пациент химиотерапиядан жақсы өткен, анемия сияқты жанама әсерлері зертханалық көрсеткіштер кезінде айтарлықтай жақсарғаны байқалған, кейбір науқастарда тіпті анемия күшеймеген.


– Қазір бұл емнің тиімділігі туралы нәтижелер әзірленіп жатыр. Енді статистикалық өңдеу жүргізіледі. Химиялық терапияның тиімділігі қай топта жақсы, қай топта нашар екенін әзірге толық айта алмаймыз. Бірақ кептірілген, мұздатылған бие сүтін қолдану арқылы жасалған химиялық терапия жақсы нәтиже берді. Ұнтақ ағзаға мөлшерлеуге өте ыңғайлы. Біз бұл зерттеу қорытындысын Татарстан ғалымдарымен бірге патенттедік. Бұл бірлескен еңбек, – дейді Бақытжан Бимбетов.


Статистикалық зерттеулер аяқталғаннан кейін тақырып бойынша диссертация қорғалады. Бұған дейін осы бағытта 9 мақала жарияланған, оныншы еңбек – химиялық терапияда бие сүтін қолдануға қатысты ғалымдардың зерттеуі болады.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының бас гастроэнтерологы Бақытжан Бимбетов осы бағыттағы жұмысты жалғастыратынын айтып отыр. 
– Бізге ғылыммен айналысқысы келетін, көздері жанып тұрған жас дәрігерлер, зерттеушілер керек, – дейді ол.