ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасындағы Ядролық медицина орталығында 18F-NaF (натрий фтор) радиофармацевтикалық препаратын шығару жобасы сәтті жүзеге асты. Бұл туралы Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында айтты.
– Бұл препарат сүйектегі ісік метастаздың барлық түрін, сонымен қатар зақымданған сүйек ісіктерін диагностикалауға арналған. Осылайша, біздің мамандар сүйек қатерлі ісігін емдеуде маңызды нәтижеге қол жеткізді. Алдын-ала валидациялық іс-шаралар жасалып, мамандар жаңа препараттың GMP талаптарына (тиісті өндірістік практика), сонымен бірге оның халықаралық жоғары стандарттарға сай келетініне көз жеткізгенін де атап өткен жөн,– деген А.Дәдебаев жобаға атсалысқан мамандардың барлығына шынайы құттықтауын жеткізді.
Президент Іс басқармасы Медорталығының ауруханасы жанындағы Циклотронды-өндірістік кешен былтыр қазан айында ашылған болатын. 18F-NaF – осы орталықта сәтті шығарылып отырған екінші радиофармацевтикалық препарат. Биыл қатерлі ісік ауруларына қатысты диагностикалық зерттеулер жүргізуге арналған тағы үш препарат өндіріске жіберілмек. Барлық талдаулар шетелдерде емес, Астанада жүргізілетін болады.