Ұлыстың ұлы күнін ҚР Президентінің Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық қарасты мекемелері дүбірлетіп атап өтіп жатыр.
Әз Наурызға арналған салтанатты шараның беташарында ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары Асат Нұрпейісов барша ұжым мүшелерін құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Халқымыз үшін бұл мейрамның орны қашанда бөлек. Ол татулық пен ізгілікті, береке мен бірлікті, мейірімді дәріптейді. Наурыз жай ғана мереке емес, ұлтымызды ұйыстыратын, татулығымызды нығайтатын, ырыс-ынтымағымызды жарастыратын маңызды құрал десек артық емес. Бүгінгі қастерлі мерекеге орай, баршаңызға мықты денсаулық, қажымас күш-қайрат, шаңырақтарыңызға шаттық пен молшылық, еңбекте толағай табыс тілеймін. Әрдайым ырыс-ынтымағымыз арта берсін!– деді А.Нұрпейісов.
Думанды шара Іс Басқармасы ұжымының өнерпаздары әзірлеген концертке ұласты. Қалықтаған әнімен, мың бұралған биімен, тамылжыған күйімен тамсандырған әріптестерінің өнеріне ұжым тамсана қол соқты. Он саусағынан өнер тамған зергерлер мен ісмерлердің бұйымдары қойылған «Наурыз сыйы» көрме-жәрмеңкесі де жұртшылықтың көңілінен шықты.
Мерекелік думанға белсене атсалысқан қызметкерлер мен ұжымдардың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазылар алқасы ұлттық нақыштағы киімімен, өрелі өнерімен көзге түскен қызметкерлерді арнайы аталымдар бойынша түрлі дипломдармен марапаттады.
ҚР Президентінің Іс басқармасының орталық аппараты мен бағынысты мекемелер өткізетін мерекелік шаралар әлі де жалғасады. Мәселен, алдағы аптаның басында елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қайырымдылық шарасын өткізу жоспарланып отыр.