ҚР ПІБ Медициналық орталығының 3 жылға жоспарланған Даму тұжырымдамасы бекітілді. Медорталыққа қарасты барлық мекемелердің жұмысы қамтылған құжат туралы Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында айтты.
– Еліміздің әрбір азаматына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді жолға қою қажет. Бұл Мемлекет басшысының медицина саласына жүктеп отырған маңызды міндеті. Осы үдеден көріну үшін не істеген жөн? Отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға біз қалай ықпал ете аламыз? Алдымен, таяу үш жыл ішінде біздің дәрігерлер ауру түрлерін ерте бастан анықтау үшін диагностиканы дамытуға, медицинаның профилактикалық мүмкіндіктерін арттыруға басымдық береді, – деген А.Дәдебаев, Тұжырымдамада нақтыланған бағыттарға қысқаша тоқталды.
Оның айтуынша, Президент Іс басқармасы жүйесі аясында медициналық кластер құру қарастырылып отыр. Ол үшін Медорталық ауруханаларына жаңа білімді, тәжірибе мен медициналық технологиялар жинақталып, ол өңірлердегі медициналық мекемелерге таратылады.
2025 жылға қарай шипажайлардың деңгейін EuropeSPA стандартына жеткізіп, тиісінше сертификаттау жоспарланған.
Сондай-ақ Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының базасында білім берумен айналысуға аккредиттелген халықаралық деңгейдегі референс-зертхана құрылмақ. Медициналық кадрлардың кәсіби деңгейі мен білігін үздіксіз арттыруға да баса көңіл бөлінбек.
– Медициналық орталықты дамытудың тағы бір маңызды бағыты – цифрлық тәсілдер мен технологияларды кеңінен пайдалана отырып шығындар мен өндірістік процестерді оңтайландыру, – деп жазды Айбек Дәдебаев.
Құжатта нақтыланған бағыт-бағдарлар Президент Іс басқармасына қарасты Медициналық орталықтың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыра түсіп, отандық денсаулық сақтау саласына тигізетін ықпалын күшейтуге тиіс.