Халықаралық Арулар күніне орай ҚР Президенті Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық қарасты мекемелерінде салтанатты мерекелік шаралар өтті.
Ұжымның ер-азаматтар қауымы нәзік жандарға сый-сияпат жасап, мерекелік концерт ұйымдастырды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, кезінде Президент Іс басқармасында жемісті еңбек етіп, бүгінде құрметті демалысқа шыққан жандар мерекелік шараның қадірлі қонағы ретінде шақырылды.
Нәзік жандарды құттықтаған Президенттің Іс басқарушысы Айбек Арқабаев:
– Бабаларымыз қашанда қыз баланы төріне отырғызып құрметтеген. Тарихта ерен ерлігімен, еселі еңбегімен, ақыл-парасатымен көзге түсіп, елге тұтқа болған батыр әрі дана қыздарымыз аз емес. Әйелдер – шаңырақтың ұйытқысы, тіршіліктің тірегі. Бала тәрбиесі ғана емес, тұтас қоғамның тәрбиесі өздеріңізге байланысты. Бүгінде Президент Іс басқармасы жүйесінде 6 мың 800-ден астам нәзік жандар қауымы еңбек етіп, іргелі ұжымымыздың дамуы мен гүлденуіне сүбелі үлес қосып жүр, – деп атап өтті.