Басты бет«Бурабай» ұлттық паркінде аң-құстарға шөп салу науқаны қызып тұр

«Бурабай» ұлттық паркінде аң-құстарға шөп салу науқаны қызып тұр

«Бурабай» ұлттық паркінде аң-құстарға шөп салу науқаны қызып тұр «Бурабай» ұлттық паркінде аң-құстарға шөп салу науқаны қызып тұр «Бурабай» ұлттық паркінде аң-құстарға шөп салу науқаны қызып тұр

Көктем айы туса да, арқада ауа райының күрт құбылуынан қардың бетіне қабыршақ мұз қатып, жануарлардың жайылуын қиындатып жіберді. Бұл әсіресе қыс мерзіміне алғаш рет түскен былтырғы төлдерге қиын соғады. Сол себепті, «Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері орманда арнайы құрылған науаларға жем-жөп салуды толассыз жалғастырып жатыр.

Жалпы аумағы 130 мың гектарға жуықтайтын ұлттық парктің әр жерінде барлығы 110 науа қойылған. Күзде орманшылар 460 тонна пішен шауып, қайыңдардың жапырағы қалың шыбықтарынан 121 мың сыпыртқы буған-ды. Одан бөлек минерал қоспа болатын қиыршық тұз да әзірленген. Орманшылар науалардың түбі көрініп қалуын күтпей, жиі толтырып отырады. 

Жабайы жануарлардың ішінде әсересе қабан мен елік, сондай-ақ ұлттық паркке сырттан әкелінген Аскания бұғылары қосымша қоректі көбірек қажет етеді. Бұл өлкемен салыстырғанда ауа райы жұмсақ жақтан келген бұғылар үшін арқаның қатал қысында өз бетінше жайылу оңайға түспейді.

Бурабайға өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Украинадағы «Аскания-Нова» табиғи паркінен 60 бұғы арнайы әкелінген болатын. Бүгінде олардың саны мың жарымнан асты.

Дұрыс қоректенбесе, жануарлардың төлдейтін уақыты да кешеуілдейтінін ескеру керек. Ал кеш туған төл қыс маусымы келіп, күн суытқанға дейін есейіп, әл жинап үлгермеуі мүмкін. Сондай-ақ буаз кезінде минерал заттар жетпеген аңдардың төлдеуі де қиындауы ықтимал.

Жалпы, биылғы қыс жергілікті жануарлар үшін нағыз сынаққа айналып отыр. Қырбық мұз қатқан қалың қарды омбылап шаршаған, шашасы қиылған аңдардың ашық жолға шығып кетуі жиілегенін де айта кету керек. Өңірдің экожүйесінің тұтастығын, «Бурабай» ұлттық паркінің көркем табиғатын қорғаумен айналысатын адамдардың жұмысы қазір бастан асады

 

ҚР ПІБ баспасөз қызметі