Жуырда Дубайда жыл сайынғы дәстүрлі PAIRS 2023 конгресі өтті. Ауқымды халықаралық жиынға әлемнің отызға тарта елінен 150-ге тарта білікті мамандар шақырылды.
Биыл эндовоскулярлық хирургия, интервенциялық радиология тақырыбына арналған іс-шарада эмболизация, перифериялық қантамырлар аурулары, интервенциялық онкология және басқа да бағыттар бойынша сессиялар өтіп, дәріс оқылды.
ҚР ПІБ Іс Басқармасына қарасты Медициналық орталылығының ауруханасы директорының орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев осы конференцияға қатысып, бірнеше баяндама жасағанын айта кетейік.
– PAIRS 2023 биыл 23-ші мәрте өтті. Бұл жолы енді-енді дамып келе жатқан бағыт ретінде нейроконференция бөлек ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар осы бағыт бойынша қарым-қатынас орнатып, шеберлік сабақтарын өткізуге өтініш білдірді. АҚШ-тан, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінен, Латын Америкасы елдерінен, Үндістаннан және біздің Қазақстаннан мықты спикерлер келді. Мен мидың бифуркациялық аневризмасы мен оның ерекшеліктері туралы 5 баяндама жасадым, – дейді Мыңжылқы Бердіқожаев.
Оның айтуынша, алқалы жиын барысында жаңа технологиялар туралы баяндамалар оқылып, шетелдік хирургтар көрнекі операция жасады.
Мыңжылқы Бердіқожаев PAIRS 2023 конгресі аясында бірқатар шетелдік компаниялармен байланыс орнату, жаңа технологияларды енгізуге қатысты алдын-ала келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, елімізде жануарларға зертханалық тексерулер жүргізу, клиникалық зерттеулерге отандық мамандарды қатыстыру жоспарланған.