13 ақпан – Халықаралық эпилепсия ауруына қарсы күрес күні. ҚР ПІБ Медорталығы орталығы ауруханасындағы Эпилептология орталығы мамандарының айтуынша, елімізде осы ауру түріне шалдыққан 81 мыңнан астам адам тіркелген.
Мамандар бейресми дерек бұдан едәуір жоғары болуы мүмкін дейді. Себебі, дәрігерге қаралмайтын, науқас екенін жасыратын адамдар көп.
Медорталық ауруханасындағы Эпилептология орталығында уруды емдеу және мониторинг жүргізу ісімен бірнеше маман бірлесіп айналысады. Олардың айтуынша, эпилепсияның емі жоқ деп қате ойлайтындар көп кездеседі. Шындығында, диагностика мен терапия дұрыс таңдалса, оны емдеуге болады.
Орталық ашылғаннан бері осында еңбек етіп келе жатқан білікті дәрігер Жасұлан Өтебеков:
- Эпилептология орталығы аталған ауруды емдеудің толық циклын жүзеге асырады. Біз кеңес беру, диагностика және зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Операция тегін, арнайы бөлінген квота бойынша жүргізіледі, - дейді.
Емдеу бірнеше саты бойынша жүргізіледі. Алдымен науқастың диагнозын бекітіп, емдеу жоспары жасалады. Одан кейін дәрінің әсері төмен науқастарды операцияға дайындайды. Үшінші кезеңже операциядан шыққан науқастардың жай-күйі бақыланады.
Төртінші кезең операция жасауға болмайтын науқастарға қатысты. Мұндай жағдайда олардың білек тұсына талып қалу жиілігін 30-50 пайызға төмендететін стимулятор орнатылады.
Орталық мамандарынан құралған командада эпилептолог, нейрохирургтармен қатар функционалдық диагностика бөлімшесінің дәрігерлері, радиологтар, неврологтар, клиникалық фармакологтар да бірлесіп жұмыс істейді.