Бурабайдың баурайында Санта Клаустың резиденциясы ашылды. ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты «Бурабай-Даму» мекемесі жұртшылыққа осындай ғажайып тарту жасап отыр.
Сантаның үйі «BurabayLand» отбасылық ойын-сауық паркінде орналасқан. Қыс маусымына орай жұртшылыққа есігін айқара ашқан қалашықта мерекелік концерттер мен көңілді сайыстар өтіп жатыр. Бұл жерде балалар Сантамен ғана емес, Гринч, эльфтер сияқты ертегі кейіпкерлерімен кездесіп, арман-тілектерін айтады, түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды.
Алыс-жақыннан ағылып келген қонақтар үшін «BurabayLand»-те басқа да қызықты шаралар аз емес. Дәл қазір мұнда коньки теуіп, шанамен сырғанап жүргендердің қарасы қалың. Түйеге, атқа, хаски тұқымдас иттерге шана жегіп алғандар да бар. Қар жамылған далада квадроциклмен қыдыруға да болады.
«Rixos Borovoe» қонақүйінің жанындағы парк күн сайын 11.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ашық.