Бүгін «Астана-Бурабай» бағытында мерекелік вагондар тіркелген электр пойызы жолға шықты. Арнайы брендтелген екі вагон күн сайын Астана-Көкшетау электр пойызымен қатынайды.
Вагондардың интерьерін қазақстандық қолөнершілер безендірді. Сәндік паннолар мен киізден жасалған көпшіктерден жаңа жыл мерекесінің лебі сезіледі.
Бурабайда туристерді қандай қызық күтіп тұр?
Қыс маусымына орай ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты «Бурабай даму» мекемесі туристік операторлармен бірлесіп ертегі пойыз кестесіне ыңғайлап отбасылық демалыс үшін арнайы
бір күндік турларды ұйымдастырып отыр.
Атап айтқанда, тур бағдарламасында Аяз атаның «BurabayLand» ойын-сауық саябағындағы резиденциясына бару, бұғы жеккен шанамен, итшанамен, атшанамен, квадроциклмен серуендеу, сноуборд тебу және карусельмен тербелу қарастырылған. Сондай-ақ, мұз қалашық пен Бақсының ауылы, лазертаг, қарда жүретін көлік, «бананмен» сырғанау және басқа да қызықтар бар.
«BurabayLand» отбасылық паркі күн сайын сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін үзіліссіз және демалыс күндерінсіз жұмыс істейді. Ал жаңа жылдық электр пойызы қаңтар бойы жүреді.
Экспресс күн сайын таңғы сағат 06:03-те «Нұрлы жол» вокзалынан шығып, 09:57-де Бурабай курорты станциясына жетеді. Кері қайтатын рейске туристік пойыз сол күні сағат 19:15-те аттанып, Астана-1 станциясына сағат 22:18-де, «Нұрлы жол» вокзалына сағат 23:00-де келеді.
Бұл — ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты «Бурабай Даму» ЖШС, «Kazakh Tourism» ҰК және «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірлесіп қолға алған жоба.