Елордада ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты Медициналық орталық ауруханасының жаңа блогы ашылды. 200 орынға шақталған ғимаратта күрделі науқастарды емдеумен және оңалтумен айналысатын пульмонология, нефрология, гастроэнтерология, эндокринология, неврология, ревматология және кардиология сынды 7 терапиялық бөлім бар.
Жаңа корпустың ашылуына орай 95 дәрігер – диагност, терапевт және реабилитолог мамандар арнайы конкурс бойынша жұмысқа қабылданып отыр. Сондай-ақ бұл жердің диагностикалық базасы жоғары санатты технологиялармен жабдықталғанын да айта кетейік. Мәселен, минутына 640 кесінді жасайтын және тіннің әрбір миллиметріне дейін зерттеп, дәлме-дәл нәтиже көрсететін компьютерлік томограф орнатылған.
Бұл ауруханада еліміздің кез келген өңірінде тұратын азаматтың емделуіне болады. Қызмет МӘМС арқылы және ақылы негізде көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда күрделі емді қажет ететін науқастар аз емес. Ал елдегі ауруханалардың бәрінде бірдей оңалту қызметтері ұсыныла бермейді. Сол себепті жаңа блок медициналық қызметтер нарығында маңызды орын алуға жол ашпақ.