Халықаралық қарттар күніне орай ҚР Президентінің Іс басқармасы мен ведомстволық қарасты ұйымдары қарияларға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Бұл туралы Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында жазды.
«Бурабай» ұлттық табиғи мемлекеттік саябағының ұжымы ардагерлерді үйіне іздеп барып, хал-жағдайларын білді. Мекеме қызметкерлері жергілікті 120 қарияға азық-түлік себетін сыйлады.
Бүгін Көкшетаудағы Абылай хан алаңындағы өңір тарихынан сыр шертетін Мультимедиялық интерактивті кешенге, сондай-ақ Бурабай кентіндегі визит-орталыққа зейнеткерлер тегін кіреді. Аймақта туризмді дамытумен айналысатын «Бурабай даму» ЖШС ардагерлердің көңілін көтеру үшін аталған нысандардың есігін айқара ашып отыр.
Іс Басқармасының Медициналық орталығының ауруханасы да игілікті іске белсене атсалысты. Жыл сайынғы дәстүр бойынша ауруханада ашық есік күні өтіп жатыр. Әдеттегідей қарттардың құрметіне мол дастархан жайылып, сый-сияпат табысталды.
Президенттің Іс басқармасында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, бүгінде құрметті еңбек демалысына шыққан жандар әл күнге ұжыммен арадағы байланысын үзген емес. Халықаралық мерекеге орай Іс Басқармасының орталық аппаратының қызметкерлері олардың шаңырағына барып, тарту жасады.
Медициналық орталықтың ауруханасына қарасты «Қазақстан» шипажайында денсаулықты күту, белсенді әрі ұзақ өмір сүру тақырыбында шығармашылық кеш өтті. Кезінде еліміздің Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған білікті дәрігер, денсаулық сақтау саласының үздігі Талапқали Ізмұхамбетов ардагерлердің алдында мазмұнды баяндама жасады.