Көкшетауда тұтанған тілсіз жау ауыздықталды. Алдын ала деректер бойынша, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 300 шаршы метр жерді жалын шарпыды. Таудағы тастардың асты әлі де бықсып жатқандықтан, Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндірушілері мен «Бурабай» МҰТП қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Толық сөндіруге тағы біраз уақыт кетуі мүмкін, оданкейін қайта тұтанбауы үшін сол маңай бақылауға алынады.
Бүгін таңғы 6:50-де орман өртін ерте анықтайтын Smart National Park Burabay жүйесі 897 метр биікте түтін шығып жатқанын «байқап», диспетерлерге хабар берген.
Ұлттық парктің барлық жері жоғары дәлдікті оптикалық сенсоры бар камерамен бақыланады. Бұл камералардың шолу бұрышы 360°. Күндіз ашық кеңістіктегі түтінді бірден көретін жүйенің датчиктері автоматты түрде іске қосылса, қараңғы түскенде тепловизор арқылы жұмыс істейді.
«Ақылды» жүйе өрт шыққан жердің координаттарын, қауіп-қатер деңгейін дәл анықтап, төтенше қызметтерге тез арада хабар беруге және өрт сөндіру көліктерінің оқиға орнына ең ыңғайлы жолмен жетуіне жағдай жасайды.
- «Смарт-жүйеден белгі түсісімен бірден дабыл қағылып, төтенше қызметтер іске кірісті. Алдымен Ұлттық парктің инспекторлары өрт сөндіретін қол құралдарын алып жаяу жетті. Артынша оларға Ақмола облысы Бурабай ауданының төтенше жағдай бөлімі, Авиа өрт сөндіру қызметі көмекке келді. «Бурабай» ұлттық паркінің, Төтенше жағдай қызметінің, әкімдіктің тиісті мамандарының бірлесіп әрекет етуінің арқасында 2 жарым сағат ішінде, яғни 11-ден 13 минут кеткенде жалын толық ауыздықталды», - деп хабарлады Ұлттық парктің Жедел басқару орталығының жетекшісі Асылхан Ахметжанов.
Тілсіз жаудың бетін қайтаруға Ұлттық парктің 70 қызметкері, Бурабай ауданының төтенше жағдай бөлімінің 96 адамы, Авиа өрт сөндіру қызметінің 4 маманын қоса алғанда барлығы 200-ден адам қатысып, 14 өрт сөндіру көлігі жұмылдырылды. Техниканың жетеуі – ұлттық паркке, бесеуі – аудандық төтенше жағдай бөліміне тиесілі.
Тілсіз жаудың таралуына жол бермеу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары 14 рет су шашты. Аумақты зерттеу үшін «Қазақ ормандарды авиациялық қорғау» РМҚК тікұшағы да тартылды. Өрттің шығу себебі мен келген залалдар туралы ресми қорытынды оқиға толық зерттелгеннен кейін беріледі.
Өртті тез анықтайтын автоматты жүйе жасанды интеллект негізінде құрастырылған. Ол жазық далада немесе орманды жерлерде тілсіз жауды тез арада анықтауға көмектеседі.
Ұлттық парк аумағында Smart National Park Burabay жүйесінің жоғары дәлдікті камералармен жабдықталған 13 антенналы діңгегі бар. Ол «Бурабай» МҰТП территориясын түгел (129 299 га) түгел қамтып, іргелес орналасқан қорғалатын аумақтарды да бақылап отыруға жол ашты.
Бұған дейін айтылғандай, жылынан бері Бурабайда өртке қарсы жүйенің арқасында дала мен орманда шыққан 18 өрт тез анықталды. Ұлттық парктің, жергілікті әкімдіктің және өрт сөндірушілердің тізе қосып әрекет еткенінің арқасында тілсіз жау бірден сөндіріліп, бар болғаны жарты гектар жерді жалын шарпыды.