ҚР Президентінің Іс басқармасының қызметкерлері жыл сайынғы дәстүрлі спартакиада аясында үстел теннисінен шеберлік байқасты.
Олимпиадалық жүйе бойынша өткен жарыста жеңіліс тапқан командалар жарыс жолынан шығып отырды. Тартысты бәсекеде қарсылас шақ келтірмеген Инженерлік-техникалық орталықтың командасы бас бәйгені жеңіп алса, Медициналық орталық мамандары «күміске» қол жеткізді. «Бүркіт» авиакомпаниясы «қоланы» еншіледі.
Жүлделі орындарға Инженерлік-техникалық орталық, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы, Іс Басқармасының Автошаруашылығы сынды республикалық мемлекеттік кәсіпорындар, «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы, Медициналық орталық пен Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы, «Бурабай даму» және «Қазқұрылысжүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сондай-ақ ҚР Президентінің телерадиокешені, «Астана-20» мемлекеттік қоры және Іс Басқармасының орталық аппараты қызметкерлерінен құралған 12 команда таласты. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар тапсырылды.
Сондай-ақ жеке есепте бағы жанғандар да марапатсыз қалмағанын атап өткен жөн. Ерлер арасында Мемлекеттік резиденциялар дирекциясының өкілі Райымбек Жұпбағамбетов «Үздік ойыншы» атанса, осы номинация қыздар арасында Іс Басқармасының Автошаруашылығының қызметкері Саягүл Изановаға бұйырды. Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы командасының мүшесі Қадыржан Әміржанов «Шебер ойыншы» атанды. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!
Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Гиннес рекордтар кітабына енген алып күш иесі Сергей Цырульниковтың құрметті қонақ ретінде келгені спорт жарысының мәртебесін көтере түскені анық.
Спартакиада аясында бұған дейін шахмат пен бильярдтан жарыс өткен болатын. Алда шағын футбол, волейбол және тоғызқұмалақтан өтетін сайыстар кезек күтіп тұр.