Жыл басынан бері «Бурабай» МҰТП қызметкерлері Smart-Burabay цифрлы жүйесінің арқасында 18 өрттің орманға жайылуына жол бермей, дер кезінде сөндірді.
Биылғы жазда аптап ыстық күндер көп болып, Ұлттық парк қызметкерлерінің жұмысы қыза түсті. Әсіресе орманды өрттен сақтауға ерекше көңіл бөлінді. Осы орайда Smart-Burabay жүйесі инспекторлардың жұмысын жеңілдетіп, табиғи байлығымызды тілсіз жаудан қорғауға зор септігін тигізгенін атап өткен жөн.
«Ақылды» жүйенің жұмыс принципіне қысқаша тоқталсақ. Биік мұнараның басындағы камерамен орманның түкпір-түкпірі бақыланады. Объективтің «назарына» түтін немесе басқа да күдікті кадр ілінсе, цифрлы жүйе оны қызыл контурмен белгілеп, Ұлттық парктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел басқару орталығына жібереді. Орталықтың кезекші диспетчерлері төтенше қызметке хабарлайды.
129 мың гектардан астам жерді алып жатқан Ұлттық парк аумағында осындай 13 мұнара бар. Цифрлы жүйенің көмегімен Ақылбай (4 рет), Бурабай (5 рет), Жалайыр (1 рет) сияқты барлығы 9 орман шаруашылығында тұтанған өрт тез арада сөндіріліп, жалын бар болғаны 0,5 гектар жерді шарпыды.
Бұдан бөлек, 8 ай ішінде табиғат қорғау заңнамасына қайшы 51 оқиға тіркеліп, Ұлттық парк аумағында сақталатын ереже 46 мәрте бұзылғанын айта кетейік. Тәртіп бұзғандарға 440 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Заңсыз ағаш отау (3), балық аулау (1) және браконерлікпен айналысу (1) фактілері бойынша 5 қылмыстық іс қозғалды.